1928 ж. БАЙЛАРДЫ ТӘРКІЛЕУ САЯСАТЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШАЛҚАР ӨҢІРІНДЕ ЖҮРГІЗІЛУ БАРЫСЫ
1.1. Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» саясатының Ақтөбе өңіріндегі зерттелінуі мен оны жүргізуге арналған үкіметтік нұсқаулар мен ережелер
Жалпы, өлкетану тақырыбы коммунистік әкімшіл-әміршіл жүйе тұсында да аса өзекті мәселенің бірі болып қала берді. Күні бүгінге дейін аталған тақырыпты зерттеп, өлкетану тарихының бір кірпішіне айналдыруға тырысқан еңбекті көре алмай отырмыз. Негізінен, біз қарастырып отырған кезеңдегі Ақтөбе өлкесіндегі тәркілеу жұмыстарына байланысты жарық көрген әдебиеттерді екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа- 1920-1930 жылдардағы тәркілеу және ұжымдастыру мәселелерін республикалық деңгейде жазған зерттеулерді жатқызуға болады. Бұл ретте бізге ғылыми қызметі Кеңес үкіметі кезіне сәйкес келген ғалымдарымыздың еңбектері үлкен көмегін тигізе алады. Сондай еңбектің авторының бірі Телжан Шонанұлы қазақ даласында тәркілеу, ұжымдастыру жұмыстарының жүргізілетіндігін, оның қандай мақсат көздейтіндігін 1923 жылы-ақ болжап, қағаз бетіне түсірген. Онда: «Кеңес үкіметі қазақты тыныштандырып, жуасыту үшін, білдіртпей бірте-бірте қазақтың күші мен байлығының қоры-малы мен жылқысын азайту, кемітуді көздейді, яғни қазақтың малы кеміп жарлы болса, бізге қауіпсіз болады. Қазақ сонда ғана амалсыз тынышталады деген саясат ұстанады»,-делінеді [1].
Біздің ғылыми жұмысымыздың кейбір аспектілеріне, нақтылай айтсақ тәркілеу мәселелеріне тәуелсіздік алғаннан кейін қалам тартқан тарихшылардың ішінде Т. Омарбеков, М. Қойгелдиев, М. Қозыбаев және М.Н. Сдыковтардың еңбектері бұл мәселенің тарихнамасын маңызды деректермен толықтыра түседі. М. Қозыбаев өзінің «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты еңбегінде И. В. Сталин мен Ш. И. Голощекиннің Қазақстанда жүргізген «Кіші Қазан» саясатының зардаптарын айта келе «тарихымызды «ақтаңдақтардан» арылту бүгінгі таңда айрықша маңызды, аса қажеттілігіне біріміз де күмәнданбайтын бірегей міндеттер бел ортасынан орын алады. Тарихтың уақыт табынан сарғыш тартқан парақтарына жаңаша көзқараспен көз жүгірткенде, сол кезеңдердің орны толмас өкінішті оқиғаларына бүгінгі талап биігінен баға бергенде, біз сол тарихта азды-көпті бедер қалдырған жеке адамдардың ұрпақ алдында жауапкершілігін де жадымыздан шығаруға тиісті емеспіз»,-деп тарихшылардың алдына жаңа міндеттер қояды [2]. М. Қойгелдиев пен Т. Омарбеков бірігіп жазған «Тарих тағылымы не дейді? » атты еңбекте қазақтардың «Кіші Қазан» идеясына қарсылықтарын егжей-тегжейлі сипаттайды. Соның бір мысалы ретінде қазақтың саяси қайраткері С. Сәдуақасовтың: «Кеңес үкіметі қазақ ауылы әлі соққы, Октябрдің қысымын көрген жоқ, сол бұрынғы күйінде. Қазақ ауылы революция кезіндегі орыс қаласы көрген тонаушылық пен шапқыншылықты көрген емес. Сондықтан да қазақ өлкесі үстінен кішкене Октябрьмен жүріп өту керек. Байлар біздің кім екенімізді білсін,-деген саясат жүргізіп отыр»,-деген сөзі келтіріледі [3]. Ал Т. Омарбеков өз еңбектерінде [4] Қазақстанда 20-30-ншы жылдары саяси-экономикалық тұрғыда жасалған зорлық-зомбылықтардың сипатын, оған алып келген жағдайларды мұрағат құжаттарына сүйене отырып, өткір түрде айтады. Сонымен қатар, Т. Омарбеков өзінің «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты зерттеуінде тоталитарлық режим кезіндегі Қазақстандағы байларды тәркілеу мен шаруаларды күштеп ұжымдастыру кезеңіне байланысты кең, мазмұнды тарихнамалық талдау жасайды [5]. Бұлардан басқа, осы мәселерді жаңаша тұрғыдан зерттегендердің ішінен Абылғожин Ж.Б., Бурханов К.Н., Султанов Т.И., Кадырбаев А.Ш., Н.Э. Масанов, Г. Халидуллиндердің еңбектерін ілтипатпен атап өткен ләзім [6].
Республика деңгейінде жазылған еңбектердің ішінде М.Н.Сдыковтың «История населения Западного Казахстана» атты еңбегінде Ақтөбенің губерния кезіндегі демографиялық жағдайы мен байларды тәркілеу шаралары жөнінде маңызды деректер келтіреді [7]
Кеңес өкіметінің арандатумен жүргізген саясаты ел ішінде араздық өртін тұтатып, «бай мен кедейді» бір-біріне айдап салды. 1921-1928 жылдар аралығында ауылдар мен селоларда партия ұйымдары құрылып, дами бастады. Кеңес өкіметі ұжымдастыру үшін экономикалықпен қатар, әлеуметтік-саяси алғы шарттарды жасау қажеттігін түсінді. «Еңбекші халықтың жағдайын жақсарту мақсатында» деген желеумен 1926-1927 жылдары жыртпалы және шабындық жерлерді бөлу іске асырылды. Байлар шаруашылықтарында шабындықтар, құнарлы жыртпа жерлер кедейлер мен орта шаруа топтарына қарағанда көп еді. 1926 жылдың мамырында ҚазАССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «орналастырылмаған жерлердегі көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және жыртылатын жерлерін уақытша бөлу туралы» қаулы қабылдады. Бұл құжатта «Қазақ халқының іс жүзінде жерді пайдалануы кейбір топтардың жақсы жерлерді иелену үшін күресінің нәтижесінде пайда болды, сондықтан да оның негізінде жерді бөлуде теңсіздік жатыр, шаруашылық топтарының ішіндегі бай шаруашылықтардың шұрайлы шабындықтары, жыртылатын жерлерді, суаттарды және жалпы пайдалануға ыңғайлы орындарды басып алуының салдары кедей және экономикалық жағынан әлсіз халықтардың шаруашылық қызметі үшін осы уақытқа дейін қолайсыз болып қалуда»,-деп көрсетілді [8].
1927 жылдың 28 ақпанында Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Президиумы Қазақ АССР-ның декретін құптады. Жыртылатын жерлер мен шабындықтарды бөлу Қазақстанның барлық губернияларында жүргізілетін болды. Сөйтіп, Кеңес өкіметінің Қазақ жерін отарлауы осылайша жалғасты. Қазақ коммунистері қазақ жерінің талан-таражға салынбауы үшін Голощекиннің саясатына қарсы да шықты. Ауқатты адамдардан айрылса, қазақ бар байлығынан айрылатынын түсінген қазақ зиялыларына «буржуазиялық ұлтшылдар» деген айып тағылды. Осындай бөліс кезінде көбінесе бай мен кедей топтарының рөлі баса көрсетіліп, кедейлерге үкімет тарапынан ерекше қамқорлық жасалып, байларды адам санатына да алмаған.
Ақтөбе округінде барлығы 140213 Га шабындық және 996433 Га жыртылатын жерлер бөліске түсті. Шабындық және құнарлы жерлер бөліске дейін жалпы халықтың 8-10%-ін құраған бай-ауқатты топтардан тартып алынды. Солардың есебінен ауылдың кедей бұқарасы жер үлестерін ұлғайтты. Бай-жартылай феодалдардың әлеуметтік топтары әлі де Қазақстан экономикасында феодалдық қатынастар мен патриархалдық-феодалдық құрылыстың тірегі болып қала берді. Кеңестік тарихнамада шабындық және жыртылатын жерлерді бөлу үлкен әлеуметтік және саяси тиімділіктің көрінісін тудырғанмен, ауылдағы патриархалдық-феодалдық қатынастарды жою міндеттерін аяғына дейін шешпеді. Шаруашылықтың маңызды саласы болып табылатын көшпелі және жартылай көшпелі ауылдарда байлар мен жартылай феодалдар малды иеленуде елеулі басымдықта еді. Байлар мен жартылай феодалдардағы бұл артықшылықтарды жою үшін, кезінде В.И.Ленин айтып кеткен «олардың малдарын тартып алу» идеясын іске асыру қажеттілігі сезілді [9]. 1927 жылдың қараша айында өткен VІ Бүкілқазақстандық партия конференциясы малды бөліске салу мәселесінің бағытын белгіледі. Онда «Кедейлердің байларға тікелей және жартылай крепостниктік тәуелділігін батылырақ жою, оның қоғамдық-саяси салмағын және иегерлік жағдайын көтеру, бліс кезінде алынған оның жерлерін тиімді игеру мақсатында ірі байлардың малдары мен құрал-саймандарын тартып алуға рұқсат берілсін»,-делінген.
1927 жылдың желтоқсанында ірі феодал-байлардың шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы заң жобасын әзірлеу үшін комиссия құрылды [10]. 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ ССР-ы Орталық Атқару Комитеті “жартылай феодалдық-патриархалдық және рулық қатынастарды сақтай отырып, өзінің мүлкімен және қоғамдық ықпалымен ауылдарды кеңестендіруге қарсылық көрсетуші жергілікті халықтың арасындағы аса ірі мал иелерін «кәмпескелеу туралы қаулы» қабылданды. Онда «халықтың кедей топтарын байлардың экономикалық тәуелділігі мен қанауынан босату және еңбекшілердің экономикалық тұрғыда тездетіп еңселерін көтеруі мен мәдени дамуына қажетті жағдай тудыру»-деп жазылған [11].
Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесі жартылай феодал, патриархалды-рулық қатынастар сақталған ірі байларды кәмпескелеп, жер аудару барысында төмендегілерді басшылыққа алуды ұсынады:
1. Жер аударылуға жатады:
а. Көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400 бас малы бар, жартылай көшпелі аудандарды 300 бастан артық ірі малы барлар, отырықшы аудандарда 150 бастан артық малы бар байлар әлеуметтік жағынан қоршаған ортаға қауіпті болып саналады;
б. Жоғарыда көрсетілген мөлшерден малы аз, бірақ жергілікті билік әлеуметтік жағынан қауіпті деп таныған тұлғалар;
в. Бұрын мынадай топтарға жатқандар, яғни: бұрын болыс болған, хан-сұлтандардың тұқымдары, патша үкіметінен атақтар, ерекше сыйлық алған азаматтар мүлік көлемдеріне қарамастан жер аударылуға жатады.
“А” және “В” тармақтарындағы тұлғалар аймақтық атқару комитетінің аймақтық комиссиясының шешімімен, “б” тармағындағы тұлғалар аймақтық комиссияның көрсетуімен КССР Халық Комиссарлар Кеңесінің ерекше қаулысымен ғана жер аударылуы тиіс.
2. Жер аударылған тұлғалардан кәмпескеленген малдарды шаруаларға мына мөлшерде: көшпелі аудандарда әр адамға бес бас ірі қара, бірақ бір шаңыраққа 25 бас малдан артық емес; жартылай көшпелі аудандарда жан басына 3 бас малдан, бірақ әр шаңыраққа 16 бастан артық емес; отырықшы аудандарда жан басына екі бас ірі қарадан, бірақ әр шаңыраққа 11 бас малдан артық емес қылып бөлу керек.
3. Жер аударылып жатқан тұлғалардың мүлкінің ішінен мыналар кәмпескелеуге жатады: астық басатын және жинайтын машиналар, тракторлар, неміс үлгісіндегі фургондар, тырмалар, сонымен қатар барлық тұрғын үйлері, бау-бақшалар, соқалар, сеператор, тұқым сепкіштер шаналар.
4. 4 қанатқа дейінгі асхана-киіз үйлермен қатар, бұрын пайдаланылған көйлек, жиһаз, текемет, сырмақ, паластар кәмпескелеуге жатпайды. Бұрын пайдаланылмаған аса бағалы кілемдер, алтын-күмістер, алтын күміс бұйымдар кәмпескелену керек. Жер аударылған тұлғада екі киіз үй және “қоңыр үй”-асхана қалады. Қалған киіз үйлер кәмпескеленуге жатады.
5. Кәмпеске жүргізілетін әр ауылда кедей-батырақтардың жалпы жиналысында сайланған, көлемі 15-25 адамнан тұратын кәмпескелейтін комиссия құрылу керек. Комиссия міндеттеріне: тәркіленген мал-мүліктің санағын ұйымдастыру және оны қорғау, кәмпескеленген мүліктің дұрыс бөлінуін бақылау, бай-феодалдардың кәмпескелеуге қарсылығын жаныштау жатады.
6. Аудандарда аймақтан келген өкіл төраға болып есептелетін комиссия құрылады. Оның құрамына аудандық атқару комитетінің екі өкілі, қосшы одағының аудандағы төрағасы, орман-жер шаруашылығының төрағасы енеді.
7. Кәмпескеленген мал-мүліктің 60-70%-і жергілікті халықтың кедей бөлігіне, 30-40%-і колхоз-совхоздарға берілуі керек.
8. Мал мен мүлікті бөлу жұмыстары 1928 жылдың 1 қарашасына дейін аяқталу керек [12] [66]. Мұрағат құжаттарында Қазақстандағы байларды негізінен екі деңгейге бөліп кәмпескелегені айтылған. І деңгейлі байға ата-бабасынан бері күйлі, есімі бүкіл облыс, ауданға танымал, ертеден бері еңбекші қазақтарды билеп келе жатқан, уақытында патшадан қызметі үшін шен-шекпен алған адамдар кіреді [13]. Ал, ІІ деңгейдегі байларға әр ауылда кездесетін орыс құлақтары сияқты ұсақ байлар жатады. Аталған топтар еңбекші қазақтардың жаулары. Қазіргі Қазақстанның билеу жүйесінде оларды бір-бірінен ажыратуға болады. Олардың таптық көзқарастары бірдей болғанмен еңбекші қазақтар мен қоғамға тигізетін ықпалы мен зиянының деңгейі әртүрлі. Қазақстан үкіметі ұсақ байларды кәмпескелемейді. Аталған уақытта ірі байларды еңбекші Қазақстанның ең қауіпті жаулары деп есептеуге болады [14].
Кәмпескеленген малды есептеп, бөлу кезінде 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ ССР Халық Комиссарлар кеңесі төмендегілерді басшылыққа алуды ұсынады:
1. Жылқы, сиыр, 2 жастан асқан түйелер бір ірі қараға теңестірілсін
2. Бірі ірі қара мына төмендегі әртүрлі малдармен: 3 бас құлынға, 2 бас тайға, 1,5 бас құнанға, құнажын сиырға, құнан өгізгі, 3 бас тайыншаға, 5 бас бұзауға, 5 бас қойға, 6 бас ешкіге, 3 бас меринос қойға, 3 бас ботаға, 2 бас тайлаққа теңестірілген.
Осылайша Кеңес үкіметі 1928 ж. 27 тамыз қаулылары негізінде байларды тәркілеу шараларын Ақтөбе өңірінде де жүзеге асыруға кірісе бастайды.
1.2. 1928 жылғы байларды тәркілеу шараларының Шалқар ауданындағы жүзеге асырылуы
1928 жылдың 4 қыркүйегінде байларды кәмпескелеу және жер аудару жұмыстарын аудандарда ұйымдастыру туралы Ақтөбе аймақтық атқару комитетінің президиумының отырысында кәмпескелеу жұмыстарын жүргізу үшін:
Шалқар ауданына – 1000 рубль;
Ырғызға – 500 рубль;
Қарабұтаққа – 500 рубль;
Темірге – 350 рубль;
Мағаджанға – 300 рубль;
Ақтөбе ауданына – 200 рубль;
Елек ауданына – 200 рубль;
Шыңғырлау ауданына – 200 рубль;
Қобда ауданына – 400 рубль ақшаны аудандық ұйымдастыру бюроларына бөлу туралы қаулы қабылданды.
Шалқар ауданы бойынша кәмпескелеу жұмыстарына өкіл болып Манаев, Ырғызға – Жаңабаева, Қарабұтаққа – Жандосов, Темірге – Қонаев, Мағаджанға – Оспанов, Ақтөбеге – Ақсартов, Елек ауданына – Тастамбеков, Шыңғырлауға – Асамбеков, Қобда ауданына – Терлікбаевтар жауапты өкіл болып тағайындалды.
Шалқар ауданы бойынша Кенжалиев, Қалымбетов, Байқанов, Абдуллин, Резанцев, Ырғыз ауданы бойынша Әлібаев, Қарабұтақ ауданы бойынша Тоқмырзин, Темір ауданы бойынша Сятов, Мағаджан ауданы бойынша Баржақсин, Арынғазин, Ақтөбе ауданы бойынша Ниеталин, Қобда ауданы бойынша Жантілесовтерге көмекші болып бекітілді [15]. Осы Президиумның отырысында Ақтөбе аймағынан кәмпескеленіп, жер аударылуға тиісті ірі байлардың тізімі жасалынды. Бұл тізім бойынша Ақтөбе аймағынан 61 бай жер аударылуға тиіс болды [16].
Ол бойынша: 1. Шалқар ауданынан кіргендер:
І Деңгейдегі ірі байлар:
1. Жиесов Иса
|
13. Орманов Оразқұл
|
2. Сүлейменов Алшағыр
|
14. Тотанов Аянас
|
3. Құлжанов Қадыр
|
15. Қызылбасов Томпақ
|
4. Мұхтаров Нағым
|
16. Батақов Мухамедияр
|
5. Қызылбасов Баймен
|
17. Ержанов Қалмағамбет
|
6. Нұрбаев Закир
|
18. Бірімжанов Мінәш
|
7. Жұманшин Құдайберген
|
19. Жасағанбергенов Кенжебай
|
8. Бажанов Кенжеғара
|
20. Жасағанбергенов Баймен
|
9. Шалқошқаров Байғожа
|
21. Тоқтығұлов Қалет
|
10. Шалабаев Отарбек
|
22. Биманалин Құлекен
|
11. Бекбасов Рысқұл
|
23. Қасмағамбетов Көлжай
|
12. Акешев Исатай
|
24. Кенжеғарин Мырзалы
|
ІІ Деңгейдегі ірі байға Шалқар ауданы бойынша Молдин Құдайберген енгізілді.
- Темір ауданы бойынша:
ІІ деңгейдегі ірі байлар:
1. Шошин Намазбай
|
4. Жәнібеков Әзима
|
2. Аманов Жантөре
|
5. Бәжібаев Құйындай
|
3. Шошин Әбіш
|
|
ІІ деңгейдегі ірі байға Қалменов Алпысбай жатқызылды.
3. Ақтөбе ауданы бойынша І деңгейдегі ірі байға Жұмин Үсембай жатқызылды. ІІ деңгейдегі байларға:
1. Сүлейменов Кәрім
|
3. Жабаев Қали
|
2. Ермұхамедов Нұрым
|
|
4. Ырғыз ауданы бойынша:
І деңгейдегі байлар:
1. Байзақов Қабылбай
|
4. Кенебаев Баймен
|
2. Бижанов Қожабай
|
5. Орманов Оразалы
|
3. Байзақов Әміреш
|
6. Сәтбаев Ержан
|
ІІ деңгейдегі байлар:
1. Жүргенов Қара
|
2. Байзақов Қартбай
|
5. Мағаджан ауданы бойынша:
І деңгейдегі байлар: ІІ деңгейдегі байлар:
1. Жайықов Қабас
|
1. Баймағанбетов Ғани
|
2. Жаңгереев Мәкім
|
2. Тілеубаев Мамбетәлі
|
3. Шабақов Арын
|
|
6. Шыңғырлау ауданы бойынша:
І деңгейдегі байлар: ІІ деңгейдегі байлар жоқ
1. Құрманов Қален
|
2. Байшов Хайролла
|
3. Баяндиев Боран
|
7. Қарабұтақ ауданы бойынша:
І деңгейдегі байлар: ІІ деңгейдегі байлар жоқ
1. Қысықов Олжай
|
2. Қанатбаев Дәуіт
|
3. Ержанов Ерқосым
|
4. Даубаев Мамыт
|
5. Итқарин Рысмағамбет
|
8. Елек ауданы бойынша:
І деңгейдегі байлар: Бұл ауданда ІІ деңгейдегі байлар жоқ
1. Дәуітов Дәулет
|
2. Дәулетов Жұмағали
|
9. Хобда ауданы бойынша:
І деңгейдегі байлар: ІІ деңгейдегі байлар жоқ
1. Құдайқұлов Боранбай
|
2. Мәмбетов Қази
|
3. Байқадамов Қабақ [17]
|
Қазақтың бар байлығы – малы. Малынан айрылған халықты “жүгендеп” ұстаудың жеңіл болатындығын Кеңес саясаткерлері түсінді. Сөйтіп тамыры тереңнен басталған, ақырында қазақтың жартысын жоқ қылуға апарған тарихтың қанды зұлмат беттері ашыла бастады. Сол кездегі қазақтың бетке ұстар алдыңғы топтары болып есептелген байларын кәмпескелеу әр ауданда бөлек-бөлек жүргізілді және кәмпескеленген әр байға мемлекет көңіл бөліп, акт жасалынды. Оның қай рудан, қанша малы барлығына көңіл бөлініп, қағазға жазылып, мұрағатқа тапсырылған.
Шалқар ауданы бойынша 24 бай І деңгейдегі, 1 бай ІІ деңгейдегі байлар болып есептеледі. Олар:
1. Бажанов Кенжеғара – 50 жаста. Жанұясында 6 адам бар. Жанқылыш руының Андағұл аталығынан. Қыста “Қошқаратаны”, жазда “Қызылкөл” деген жерді жайлаған. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысады. Ірі қараға шаққанда 374 бас малы бар. Божанов Қошқарата болыстығына әйгілі бай жанұядан шыққан және патша кезінде 15 жылдай болыс болған. Қазірде Қошқарата болыстығындағы Сүлейменов Алшағыр басқаратын кеңес үкіметіне қарсы топтың белсенді мүшесі болып табылады. 1928 жылдың 8 қазанында Қарқаралы округіне жер аударылды [18].
2. Молдин Құдайберген – 50 жаста. Отбасында 8 жан бар. Руы-Қаракесек. Шалқар ауданының №7 ауылынан. Жазда Жиделісайда, қыста Шұбарды қыстайды. Ірі қараға шаққанда 304 бас малы бар. Шаруашылықтың жартылай көшпелі түрімен айналысады. Патша тұсында 3 жыл болыс болған. Молдин Құдайберген бұрынғы Қарашоқат болысында атқамінер бай болып есептеледі [19].
3. Жасағанбергенов Баймен – 75 жаста. Отбасында 10 адам бар. Руы-Ақкиіздің Туматайы. Жазда Қарабұтақтың “Қаракөл” деген жерін, қыста Сапақ дегежерді жайлаған. Ірі малға шаққанда 408 басы бар. Жасағанбергеновтың айналасындағы кедейлердің бәрі оған экономикалық тәуелділікте. Жасағанбергенов айналасына Қойшыбаев, Орманов сияқты байларды жиып алып, ақсақал ретіндегі беделін салып, ауылдық кеңестерге өз жақтастарын қойғызған. 1928 жылдың 30 қыркүйегінде Ақтөбе округінен жер аударылған [20].
4. Жасағанбергенов Кенжебай – 60 жаста. Отбасында 9 адам бар. Руы-Ақкиіздің Туматайы. Қыста Сапақ деген жерді, жазда Жарықкөл, Текелі жерлерін жайлаған. Ірі қараға шаққанда 395 бас малы бар. Қол астында еңбек шарты жасалынбаған 5 жалшыны ұстайды. 1924 жылы сайлау қарсаңында Жасағанбергенов өз ағасымен және басқа да ірі байлармен Қойшыбаев, Ормановтармен біріге отырып, болыстық атқару комитетінің төрағалығына сыбайласы Таушановты сайлауға көп күш жұмсады. 1928 жылдың 30 қыркүйегінде Ақтөбе округінен Қарқаралыға жер аударылған [21].
5. Мұхтаров Нағым – 30 жаста. Шалқар ауданының бұрынғы Шолақ Жиде болысының №12 ауылынан. Ол “ТілеуҚабақ” руының Мәуліт аталығының “Сегізбай” деп аталатын тармағынан. “Сегізбай” аталығы бүкіл Тілеу-Қабаққа билігін жүргізіп отырған өте бай ру тармағы. 913 бас ірі мал кәмпескеленген. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысады. Жеке жұмыстарына 6 жалшы ұстайды. Ол малдарын өзіне тиімді жағдайда шаруаларға беріп отырады. Ол өз руында өте зор ықпал-беделге ие болғандығы соншалық, ауылдағы қоғамдық мәселелердің барлығы оның келісімінсіз шешілмейді. 1928 жылдың 28 қыркүйегінде Қарқаралы округіне жер аударылған [22].
6. Жұманшин Құдайберген – 58 жаста. Отбасында 10 адам бар. Руы – Тілеу-Алдаберлі-Тәңірберген-Санбет. 359 бас ірі малы бар. Ол ірі мал ұрлаушы болып есептеледі. 1921 жылы ол әдейі мал ұрлығын ұйымдастыру үшін қол астында жігіттер тобын ұстаған. Халық оны сыйламайды, бірақ қорқады [23].
7. Түктіғұлов Қалет - Әлім руының Жаулыбай аталығынан. Жасы-40-та. Отбасында – 37 адам бар. Қыста Қаратал жерін, жазда Жаманшилі, Балғасын, Ырғыз бойын жайлайды. Шаруашылықтың жартылай көшпелі түрімен айналысады. 956 бас мал кәмпескеленген. Ол осы өңірдегі бай әрі ықпалды ақсақал Түктіғұлдың жанұясынан шыққан. Кеңеске қарсы жүргізген жұмыстарына байланысты оның ағасы Түктіғұлов Ержан 3 жылға жер аударылған Ағасы жер аударылғаннан кейін Түктіғұлов Қалеттің жұмысы астыртын сипат алды. Ол әлі күнге дейін өз руының арасында үлкен беделге ие [24].
8. Тотанов Аянас – 25 жаста. Отбасында 23 адам бар. Руы Әлімнің Жаулыбайы, оның ішінде Қуаты. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 701 бас ірі мал бар. Ол ата-бабасынан ықпалды бай болып саналатын, ұзақ жылдар болыс билеушісі болған Тотан Ұбанбаевтың ұлы. Қол астында тұрақты 7 жалшы ұстайды. Ол сонымен қатар Шалқар болысының көлемінде Кеңеске қарсы күрес жүргізіп жүрген Шыманов-Тотанов тобының жетекшісі, дем берушісі. Ағасы Рас Тотанов осындай жұмыстары үшін 3 жылға жер аударылған. Шаруашылығы 5 адамға бөлініп жазылған [25].
9. Акешев Исатай – 49 жаста. Отбасында 9 адам бар. Руы-Қалман-Жақсылық. Иелігінде 460 бас ірі малы бар. Ол 1920-1921 жылдардан бастап ауылындағы кеңес билігін өз қолдарына алу мақсатында бұрынғы Қарашоқат болысындағы байлармен бірігіп күрес жүргізуде [26].
10. Шалатаев Отарбек – 56 жаста. Руы – Тілеудің Құлтумасы. Иелігінде 385 бас ірі мал бар. Қыста – Бершүгірде, жазда Қорғанжарды жайлайды [27].
11. Батақов Мұхамедияр – 50 жаста. Руы – Тілеу-Алдаберген-Қызыл Мамай. Иелігінде 490 бас малы бар. Шаруашылығына тұрақты екі жалшы ұстайды.
Төңкеріске дейін Батақов мүліктік жағдай жағынан орташа деңгейде өмір сүріп, інілерімен біріге отырып үздіксіз жылқы ұрлаумен айналысқан. Төңкеріс кезіндегі аласапыранды пайдаланған олар бірнеше рет адам өлтірген. Мысалы: 1921 жылы Шалқардан Ырғызға кетіп бара жатқан Шапошникова Надежда, Рыжкова және т.б. адамдарды жолда ұстап алып тонаған, өлтірген. Бұл қылмысы үшін олар жауапқа тартылғанмен, әлі де жазасын алған жоқ. Шалқар ауданының қазақтары олардан қорқады. Батақовтар осындай ұрлық және тонау арқылы байыған [28].
12. Құлжанов Қадыр – 56 жаста. Руы – Жаңқылыштың Райымбеті. Жанұясында 5 адам бар. Иелігінде 375 бас ірі малы бар. Бұрын патша тұсында 3 жыл би болған [29].
13. Жиесов Иса – 60 жаста. Жақайым-Баймбет. Қысы-жазы “Көкарал” аралында тұрады. Иелігінде 300 бас ірі малы бар. Отбасы құрамы – 8 адам. Ол бұрынғы Қарашоқат болыстығындағы Кеңес өкіметіне қарсы топтың жетекшісі болып табылады .
14. Бірімжанов Мінәш – 74 жаста. Жанұясында 28 адам бар. Руы-Тілеу-Тәңірберген-Құлекен. Арамшиді қыстап, жазда Балғасын өзенінің қасындағы “Қияқты” жерін жайлайды. Иелігінде 346 бас ірі малы бар. Патша тұсында 9 жыл би болған [30].
15. Ержанов Құлмағамбет – 37 жаста. Жанұя саны 12 адамнан тұрады. Руы – Жақсылық. Барлығы 411 бас ірі мал кәмпескеленген. Шаруашылығына 3 жалшы жалдайды. Ол бай есебінде сайлау құқынан айрылғандығына қарамастан сайлауға, ауылдың саяси өміріне белсенді араласады [31].
16. Сүлейменов Алшағыр – 52 жаста. Отбасында 6 адам бар. Руы – Жаңқылыштың Сыбаншысы. Ол шығу тегі жағынан бүкіл Қошқарата болыстығына белгілі бай Сүлейменнің ұлы. Қазіргі уақытта онда ірі малға шаққанда 704 бас мал бар. Патша тұсында Сүлейменов 3 жыл болыс болған және де осы уақытқа дейін болыстық көлеміндегі барлық қоғамдық ұйымдарды өз ықпалында ұстап отыр. Болыстық атқару комитетінің және болыстық Қосшы одағының төрағалығына оның ағайындары сайланды. Осылардың көмегімен Сүлейменов және оған сыбайлас байлар мал салығын аз төлейді [32].
17. Кенжеғарин Мырзалы – 26 жаста. Отбасында 6 адам бар. Руы – Жаңқылыштың Андағұл аталығынан. Қазіргі уақытта ірі малға шаққанда 317 басы бар. Шаруашылықтың жартылай көшпелі түрімен айналысады. Сүлейменов басқаратын байлар тобының мүшесі бола отырып, оның тапсырмасын орындайды. 1928 жылдың 8 тамызында Қарқаралыға жер аударылған [33].
18. Қызылбаев Баймен-53 жаста. Отбасында 26 адам бар. Руы Тілеу-Алдабаерген –Қызай. Қыста жылтырды жайлап, жазда Болғасын мен Ор өзенінің арасында келіп жүреді. Оның иелігінде іріге аударғанда 1084 бас мал бар [34].
19. Нұрбаев Закир-50 жаста. Жанұясы 17 адамнан тұрады. Руы Тілеу –Алдабарген—Танаберген (Тәңірберген авт)-қызай –мамай. 608 бас ірі малы бар. Шаруашылығы Закир және оның інісі Ілияс пен Мұхамедтің атына бөлініп жазылған. Шалқар ауданындағы Шыманов басқаратын бай алашордашылар тобының өз ауылындағы жетекшісі болып табылды. 1928 жылдың 8 қазанында Қарқаралыға жер аударылған [35].
20. Биманалин Құлекен-40 жаста. Жанұя құрамы –13 адам. Руы-Тілеу-Қазыбай-Бабе. 312 бас ірі малы бар.Шаруашылықтың жартылай көшпелі түрімен айналысады. 5 адам жалшы ұстайды.Ол патша уақытында 2 жыл болыс болған. Атын өлтіргендігі үшін бір жалшысын ұрып, оның арқасына қызған темірмен өзінің есімін жазғызған және төрт аяғын төрт жаққа керіп тастап, үстінен қой өткізген [36].
21. Шалқайқаров Байқожа-42 жаста. Отбасында 16 адам бар. Руы Қаракісінің Малайы. Ірі қара шаққанда 509 бас малы бар. ЬЖартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысады. Оның шаруашылығы 3 адамға бөліп жазылғанмен, негізінде Байқожанікі болып есептеледі. Патша уақытында 6 жыл болыс болған ол, 1923 жылы болыстың атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Бірқ ол бұл орында бай және сайлау құқығынан айрылғандықтан көп отыра алмады [37].
22. Бекбасов Рысқұл-65 жаста. Руы Тілеу-Алдаберген-Тңірберген-Қызай-Қалеш.Отбасында 23 адам бар. Иелігі ірі қараға шаққанда 955 бас мал бар. Шаруашылығына 15 тұрақты жалшы ұстайды. Ол паташа 3 жыл болыс басқарушысы болған. Шалқар өңіріне кеңес үкіметі келегеннен бері төменгі кеңестік аппараттарды басып алу үшінҚарағулин басқарған байлар тобының ауылдық масштабтағы басшысы болып есептелді. 1928 жылы 8 қазанда Қарқаралыға жер аударылған [38].
23. Орманов Оразғұл-30 жаста. Отбасында 8 жан бар. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысады. Шалқар ауданының Қарашоқат болыстығының №1 ауылынан. Іріге аударғанда-350 бас мал бар. Ол Ырғыз уезіне белгілі болыс билеушісі әрі бай болған Орманның ұлы [39].
24. Қызылбасов Томпақ-60 жаста. Руы-Тілеу-Алдаберген-Тәңірберген-Қызай-Мамай. Ірі малға шақанда-451 бас мал бар. Шаруашылықтың жартылай көшпелі түрімен айналысады. Қызылбасов Революцияға дейін жылқы ұрлаумен айналысқан. Ұрлық арқылы қол астына таза қанды Адай және Түркмен жылқыларын жинаған. Ол қазірде үкімет адамдарынан жасырынып, халықтан ауылдан алыс жерлерді мекендейді [40].
25. Қосмағанбетов Көлжан мүліктік жағдайы жағынан бай болып есептеледі. Оның қол астында іріге шаққанда 322 бас мал бар. Ол әлі күнге дейін болыстық атқару комитетіндегілермен достық қатынас жасауы арқылы сайлау сайлану құқығынан айрылған жоқ. 1926 жылы сайлай қарсаңында ауыл байларын төңірегіне жинап алған ол болыстық атқару комитетінің төрағасы және орынбасары болатындығын мәлімдеді [41].
Сонымен, 1928 жылғы Ақтөбе өлкесінде жүргізілген кәмпескелеу жұмыстарына кім іліккендігі жайлы қысқаша деректер осындай. Негізінен кәмпескелеу жұмыстарына үлкен мән берілгендігі соншалық, кәмпескелеу жөніндегі аудандық комиссияның құрамына ауылдық кедей – батырақтары мен орташа табын кәмпескелеу науқанына дайындайтын арнайы үгітшілер кіргізілген. Бай, жартылай феодалдарды кәмпескелеуде түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін аудандарға жіберілген адамдар саны былай болды:
Аудандар атауы Өкілдер және көмекшілер Арнайы және үгітшілер
Қарабұтақ мәлімет жоқ - -
Ақтөбе 4 20
Қобда 3 15
Елек 2 8
Шалқар 24 17
Темір 8 55
Шыңғырлау 4 7
Мұғаджар 12 -
Ырғыз 9 -
Барлығы 64 122
Түсіндіру жұмыстары ауыл белсенділері арасында әлсіз болды. Кәмпескелеуге дайындық жұмыстары партия ұйымының төменгі, яғни ауылдық құрылымында болған жоқ. Бұның өзі кейбір сәтсіздіктерге жол берді. Байлар кәмпескелеуді жүретінін ерте біліп, оған қарсы мықты дайындалды. Олар малды кедей – батырақтарға уақытша пайдалануға берді және көп мөлшерін сатып, көрші аудандарға қуып апарып тастап отырған. Сонымен қатар олар кедейлерді өз жағына шығаруға барын салып, малдарын тығып тастаған. Шалқар, Темір және Мұғаджар аудандарында кедейлердің бас көтерулері бола жаздаған. Науқан кезінде байларды бүкіл халықтың қорғап, жиналыстарда сөйлеуі 2 жерде көрінген:
1. Мағаджан ауданында бай Шабақов ауылдағы үгітті дайындау жұмыстарын өзі жүргізген. Жиналыста кедейлер оны кәмпескелеу мен жер аударуға толық қарсы болды.
2. Бұл жағдайда байлар да қарап отырмай, неше түрлі айла – шарғыларға барған. Мысалы: Бай Мұхтаров Нағымның өгей шешесінің арызында екі баласының біреуін өзінің күйеуінен, екіншісін басқа еркектен тапқанын айтып, сол екінші баланы жер аудармауды өтінеді. Кеңес үкіметінің жергілікті органдары бұған жауап ретінде: “олар осылай жанұясының бір мүшесін қалдыру арқылы біріншіден бұрын тығып тастаған малдарын пайдаға жаратады. Екіншіден, ол халықтың арасында өз әулетінің бұрынғы үстемдігін қалпына келтіріп, қалғандарына тірек пунктінің ролін атқарады және бұл жерде олар бұрынғы бай шаруашылығының толық жойылуына және бұрынғы үстемді жағдайларының күйреуіне жол бермеуге тырысып отыр. Кеңес үкіметі осыларды ескере отырып, шағымға құлақ аспайды”,-дейді”.
Сонымен қатар кәмпескелеумен бір уақытта ауылдық кеңес пен болыстық атқару комитеттерінде тәркіленген малдарды батырақ кедейлерге бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс кезінде кедейлердің мүліктік жағдайы, жанұя мүшелерінің саны және олардың байларға туыстық жақындығы қатаң есепке алынуда. Малды жекелерге және құрылғалы жатқан колхоз – совхоздарға бөлу былай жоспарлануда:
Аудандар
|
Совхозға(%)
|
Колхозға (%)
|
Жекеге (% - пен)
|
Шалқар
|
40
|
-
|
60
|
Темір
|
20
|
20
|
60
|
Ырғыз
|
25
|
10
|
65
|
Қарабұтақ
|
20
|
20
|
60
|
Қобда
|
10
|
60
|
30
|
Елек
|
-
|
70
|
30
|
Ақтөбе
|
-
|
65
|
35
|
Мұғаджар
|
10
|
65
|
25
|
Кәмпескелеу қорытындысы кәмпескелеу жоспарының жартылай ғана орындалғандығын көрсетеді [42]. Құжаттарда басты себеп деп кәмпескелеу жөніндегі қаулының шығуы (1928 жылдың 1 қаңтары) мен жүргізілуінің арасындағы (1928 жылдың қыркүйегі) уақыттың ұзақтығы деп көрсетілді. Осы уақыт аралығында байлардың малының құрамында үлкен өзгерістер болып үлгерді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қызықты да кең – байтақ, жеріне көлемі жағына Франция сияқты мемлекет сиып кететін Ақтөбе өлкесінің тарихы өте бай. «Әркімге туған жері Мысыр шаһары» деген қанатты сөз бар халқымызда. ХХ ғасырдың басындағы аласапыран кез, атап айтсақ І дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Қазан төңкерісі, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1928 жылғы байларды тәркілеп – жер аудару науқандары халықтың берекетін алып, олардың күйінің таюына біршама ықпал етті. Халықтың басына түсуге тиіс нәубетті кеңестік зұлым саясат жоспарлап қойған болатын.
Біздің тарихымыз қайғылы да, қасіретті. Кеңес өкіметі тұсында мұрағат құжаттары құпия түрде сақталынды. Сол кезеңдегі қайғы – қасірет туралы мәліметтер соңғы 6-7 жылда ғана жарыққа шыға бастады. Бүгінгі таңда да көп шындық мұрағаттарда әлі көміліп жатыр. Кеңес өкіметінің шаралары экономикалық сипатта ғана емес, үстем топтарды жою ұранымен іске асырылды. Бұл саясат негізінен 1928 жылғы тәркілеу саясатынан бастау алады. Тәркілеу қазақ жеріндегі жағдайды шиеленістіріп жіберді. Себебі, ғасырлар бойы бабалар өмірімен қалыптасқан ұлттық күнкөріс, ұлттық шаруашылықтан өздеріне беймәлім, тіпті құлаққа жат естілетін социалистік құрылыстың әлі орнықпаған, болашағы белгісіз болмысына көшуге халық дайын емес еді. Кәмпескелеуді Кеңес өкіметі, «ауылды жартылай феодалдық – патриархалдық және рулық бұғаудан босатудың нәтижесінде жаңа социалистік ауыл құру үшін жағдай жасаудың төңкерістік шарасы» ретінде көрсетті. Бұрынғы тарихи, әдеби еңбектерде жиі қолданылатын «феодалдық – патриархалдық қатынастар» деген ұғымдар сол кезендегі қазақ даласына мүлдем жат болды. Біздің халықта дәстүрлі рулық – туыстық қатынастар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Ол да біздің қазақ қоғамына, қазақ ұлтына тән ерекшелік еді. Кеңес идеологтары осы бір ерекшеліктерді халық бірлігін нығайтуға емес, керісінше елдің ішіне ірткі салуға пайдаланды.
Осы бір зұлмат жылдардың Ақтөбедегі жүру барысын зерттеп, сараптау барысында біздер алда атқаруға тиіс жұмыстарды ұсыныс ретінде айтуды жөн көрдік:
-Жергілікті Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатында өлкетану тарихына байланысты кейбір материалдар әлі де берілмей жатқаны байқалады. Осыларды игеруге жол ашылып, өлке тарихына байланысты зерттеулер жүргізіліп, бір немесе бірнеше томдық жинақ шығарылса тарихшылардың иығындағы бір жүк түсер еді деп ойлаймыз.
|